Екібастұзда қыз баланы тұншықтырған ер адам іздестірілуде

Екібастұзда қыз баланы тұншықтырған ер адам іздестірілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жасөспірім қызға сот-медициналық сараптама тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз колледжінде оқитын  16 жастағы студент курстастарымен бірге адам толы автобуспен жүріп келе жатқан. Жасөспірім қыздың айтуынша, жолаушылардың бірі алдымен егде жастағы жолаушыны, кейін оны да қатты итере бастаған.

– Мен оған «абайлаңыз» деп айтқан едім, ол мені мойнымнан қылқындырып, тұншықтыра бастады. Сол сәтте оны тепкен кезде ғана қолын босатты. Есіктер ашылған соң шығып бара жатып мені теуіп жіберді. Мен  одан кейін келесі аялдамада шықтым. Ол мені автобуста тұншықтырған кезде ешкім көмектеспеді, барлығы қарап тұрды. Ер адам мүлдем сөйлеген жоқ, – деді қыз.

Бірақ сол автобуста келе жатқан куәгердің айтуынша, қыз бала көмек сұраған. Автобустың алдыңғы есігінен ер адам жүгіріп шығып, қызды ренжіткен адамды ұрып жіберген. Сол кезде автобустың есіктері жабылып, қызды тұншықтырған адам терезелерді ұрған. Бейтаныс адам аялдамада тағы да қызды ұруға тырысқан, бірақ оны бірнеше адам ұстап қалған. 

Қыздың анасы  бұл жағдайды көрген куәгерлер бар екенін және қызының  күйзеліске ұшырағанын айтады. 

– 31 наурызда Екібастұз тұрғынынан полицияға автобуста кәмелетке толмаған қызының денесіне дене жарақатын салған белгісіз адамға қатысты шара  қолдану туралы өтініш түсті. Бұл өтініш тіркелді, – дейді облыстық полиция департаментінде. 

Құқық қорғау органдары ер адамды іздестіруде.  Аталған фактіге қатысты іс жүргізу шешімі сот-медициналық сараптаманың нәтижелері бойынша қабылданады.