Павлодарлық полицейлер тоңып қалған жолаушыларды құтқарды
Жолда олардың көліктері бұзылып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары павлодарлық тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
– Біз Ертіс ауылынан Құлыкөл ауылына бара жаттық, жолда боран басталды. Ертіс ауылы мен Панфилов ауылы арасындағы тас жолда көлік бұзылып, өтіп бара жатқан көліктердің ешқайсысы тоқтаған жоқ. Көлік іске қосылмады, біз әбден тоңып қалдық. Біздің бақытымызға орай, өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері көмек ұсынды, – дейді жолаушының бірі Ғалымбек Әубәкіров.
Автокөлікті тексеру кезінде көліктің күрделі бұзылғаны белгілі болды. Машинаны орнында жөндеу мүмкін емес еді. Полицейлер көлікті сүйреп апарып, бізді жақын маңдағы көлік жөндеу орталығына жеткізді.
– Жанымыздан өтіп кетпеген полицейлерге көп рақмет, – деп жазады Ғалымбек Бақайұлы.
Еске сала кетейік, екібастұздық полицейлер жолдар жабылған кезде суық ауа райына төтеп бере алмаған көліктері сынып қалған тұрғындарға көмектесен еді. Тәртіп сақшылары оларға су, тамақ, дизель отынын жеткізген болатын.