Павлодарда ескі аккумуляторлардан жаңа өнім алынуда

Павлодарда ескі аккумуляторлардан жаңа өнім алынуда
Фото: Әсет Темірбаев

Әзірге қайта өңделген шикізат шетелге жіберілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Тандем Recycling» ЖШС қорғасын-мырыш аккумуляторларын қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 600 миллион теңге. Ол өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға, қайталама шикізатты шаруашылық айналымына енгізуге және қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған.  Кәсіпорын ағымдағы жылдың жазында өндірісті бастады. 

– Аккумуляторларды арнайы технология арқылы құрамдас бөліктерге ажыратамыз. Ол қорғасын балқыту пештерінде өңделіп, арнайы құймаларға айналады. Кейін шикізат аккумулятор зауыттарына жөнелтіледі. Ал пластик корпустар ұсақталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Одан кәріз жүйесіне арналған құбырлар жасалады, – деді «Тандем Recycling» ЖШС өкілі Геннадий Бобылев. 

Өндірісте қолданылатын технология Ресейдегі осындай кәсіпорындардың тәжірибесіне негізделген. Компания нарықтағы «Зверь», «Зубр», «Актех» секілді аккумулятор брендтерімен жұмыс істейтін ірі зауыттармен де байланыс орнатқан.

– Кәсіпорында қазіргі уақытта 30 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Маусым айынан бері мұнда 250 тонна пайдаланылған аккумулятор қайта өңделді, – деп толықтырды өндіріс өкілі.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өз жұмысын бір ізге салу мақсатында еңбек етуде. Ал болашақта өздерінің аккумулятор зауытын салуды жоспарлап отыр.

Ескі аккумуляторларын тапсыратындар саны күн санап артып келеді. Өңірде қалдықты сатып алу бағасы сыйымдылығына қарай белгіленеді. Қазір бір данасы үшін 4 мыңнан 15 мың теңгеге дейін төленеді. Қабылдау пункттері Екібастұз, Өскемен, Қарағанды және Алматы қалаларында бар. Ал Павлодарда Сұрағанов көшесі, 21/1 мекенжайында орналасқан.

Еске сала кетейік, Павлодарда қалдықтан отын мен шикізат өндіретін жаңа өндіріс қарқын алды.