ДКО: Павлодар облысы мен ШҚО қазақ ауылының атмосферасын көрсетті
Қос өңірдің өнерпаздары ауызбіршілік пен сыйластықты паш етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әр облыс киіз үй тігіп, жергілікті халық пен шетелдік қонақтарға қазақ ауылының атмосферасын көрсетуде.
Қазақ халқы қашан да көршісімен ауызбіршілікте, достық қарым-қатынаста болғаны баршаға мәлім. Сол қазақ ауылында ұлан-асыр той өтті. Киіз үйлері көршілес орналасқан Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысының өнерпаздары бірлесіп, сырға салу, сәукеле кигізу, қыз ұзату, беташар рәсімдерін ұсынып, қонақтардың қошеметіне бөленді, нағыз ауызбіршілік пен сыйластықтың көрінісін көрсетті.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Сырға салу» рәсімін дайындаған болатын. Бұл – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі.
Еске сала кетейік, көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Ал, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда. «Қазанат» ипподромының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес 10 га аумақта орналасқан «Көшпенділер ғаламы» этноауылы ДКО мәдени бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі алаңға айналды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram