«ECO отбасы»: Аққулыда тұрмыстық қалдықтар сәнге айналды

«ECO отбасы»: Аққулыда тұрмыстық қалдықтар сәнге айналды
Фото: Әсем Оспанова

Отбасылар пайдаланылған заттардан бұйымдар жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданында ата-аналар арасында алғаш рет «ECO отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектепте өткен сайысқа ауданның білім беру ұйымдарынан 10 отбасы қатысты. Жарысқа 6 мен 70 жас аралығындағы отбасы мүшелері атсалысты.

Ауданның білім бөлімі әдіскері Әсем Оспанованың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – отбасылар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру.

– Байқау «Таныстыру», «Эко сән» және «Эко мода» кезеңдерінен тұрды. Алғашқы бөлімде әр отбасы өзінің экологиялық ұстанымдарын таныстырды. Кейін тұрмыста пайдаланылған заттарға екінші өмір беріп, олардан киімдер мен сәндік бұйымдар жасады, – дейді Әсем Оспанова.

Сайысқа қатысушылар пластик бөтелке, картон, қағаз, полиэтилен пакет, түрлі қаптама, мата қиындысы, газет-журнал және басқа да қолданылған материалдарды кәдеге жаратты. Бірі қалдықтан киім тіксе, енді бірі сәндік аксессуарлар мен түрлі композициялар әзірледі. Осылайша, олар қалдық көлемін азайту мен заттарды қайта пайдаланудың қарапайым жолдарын көрсетті.

Дайындық кезінде ата-аналар мен балалар бірлесіп жұмыс істеген. Олар алдымен идеяларын ойластырып, қажетті материалдарды жинаған. Кейін бұйымдарын жасап, таныстырылым әзірлеген.

Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылығына, экологиялық идеясының ерекшелігіне, материалдарды ұтымды пайдалануына және отбасы мүшелерінің белсенділігіне назар аударды.

Байқау нәтижесінде алты отбасы жүлделі орынға ие болды. Шабар ауданы Абай атындағы негізгі мектебінің атынан қатысқан Олжабай отбасы бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ өзге белсенді отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға диплом, Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.

Әсем Оспанованың сөзінше, экологиялық дағдыларды күнделікті өмірге енгізу жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Атап айтқанда, тұрғындарға қоқысты бөлек жинау, қайта өңдеуге жарамды заттарды сұрыптау және оларды арнайы қабылдау орындарына тапсыруды түсіндіру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, отбасылар арасында суды және электр энергиясын үнемдеу, пластикті аз қолдану, пайдаланылған заттарды қайта кәдеге жарату сияқты әдеттерді қалыптастыруға басымдық берілмек.

Алдағы уақытта байқаудың ауқымын кеңейтіп, оған педагогтерді, білім беру ұйымдарын және қоғам өкілдерін көбірек тарту жоспарлануда.