«ЕЭК» АҚ энергетиктері мен кеншілері жұмыстарын жаңаша істейді
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ жаңа ұжымдық келісімшартын әзірлеуге барлық мүдделі тараптар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу электр станциясының мәжіліс залында аталмыш маңызды құжатты әзірлеудің сегіз айлық жұмысы қорытындыланды. «ЕЭК» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұрлан Тасымов айтып өткендей, жаңа ұжымдық келісімшарт бағытындағы жұмыс 2023 жылдың маусым айында жұмыс берушілер өкілдері, Ақсу электр станциясы мен «Шығыс» кенішінің жұмыскерлері енген жұмыс тобын құрудан басталды.
Нәтижесінде еңбекті қорғаудың заманауи талаптары, жұмыскерлер мен кәсіпорын арасындағы қарым-қатынастардың экономикалық және әлеуметтік тұстарын ескеретін құжат дүниеге келді. Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының бас директоры Дүйсен Мерғалиев атап өткендей, жаңаланған келісімшарт – кәсіпорын мен оның жұмыскерлерінің болашаққа деген ұмтылысының жемісі.
- Ол жұмыс қарым-қатынастарын нығайтуға, еңбек өнімділігін арттырып, әрібреуіміздің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған, - дейді Дүйсен Мерғалиев. – Жаңа ұжымдық келісімшарт – біздің әділеттілік пен дамуға қарай жасаған ұмтылыстарымыздың дәлелі. Онда кәсіпорын мен оның жұмыскерлері арасындағы қарым-қатынас шегі анықталған, еңбек даулары мен кикілжіңдерін шешудің тетіктері, еңбек қауіпсіздігі мен жағдайларының стандарттары әзірленіп, әлеуметтік кепілдіктер жақсартылды. Жаңа келісімшарт кез келген тәуекелдерге төтеп бере алатын күшті, кәсіпқой әрі ұйымшыл ұжымды қалыптастыруға бағытталған.
Мысал үшін, жаңа келісімшартта болашақ аналардың декреттік демалысына 18 күндік демалысы белгіленген. Барлық қаржылық төлемдер АЕК көрсеткіштеріне байланған, демек олар инфляцияға тұрақты. Жаңа ұжымдық келісімшарт бойынша «Шахтер даңқы» белгісі мен «ҚР құрметті энергетигі» медальдарының толық иегерлері зейнетке шыққан кезде 300 АЕК немесе бір миллион теңгеден астам сыйақы беріледі.
- Уақыт бір орында тұрмайды, сол себепті ұжымдық келісім-шартымызды қайта қараудың кезі келді. Ол жақсы жағына қарай өзгерді: көптеген жеңілдіктер қосылды. Бірлескен жұмыс үшін барлығына алғыс айтамын. Ендігі уақытта жаңаша жұмыс істейтін болдық, - дейді «Шығыс» кеніші кәсіподақ комитетінің төрағасы Василий Давиденко.
Әріптесін «ЕЭК» АҚ энергетиктер ұйымы кәсіподақ комитетінің төрағасы Әділет Әбішев қолдады. Оның айтуынша, жаңа құжат – бұл жеңілдіктер ғана емес. Бастысы – кәсіпорынның жұмыскер алдындағы, жұмыскердің кәсіпорын алдындағы және кәсіподақтың қалған тараптар алдындағы жауапкершілігі артады деген сөз.
Салтанатты іс-шара барлық мүдделі тараптардың келісімшартқа қол қоюымен аяқталды. Оған Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының жұмыскерлері қатысып, дул қол шапалақ соғу арқылы қолдау білдірді. Жаңа ұжымдық келісімшарт 2024 жылдың 1 наурызында күшіне еніп, 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшін сақтайды.
Фото: Азамат Омаров
Жарнамалық материал