Павлодар жастары жазда немен айналысты?
Өңір жастарының бос уақыты шығармашылық, спорт және жаңа жобалармен толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс толқыны» жобасының биылғы маусымына облыстың 13 қаласы мен ауданы қосылып, 30-дан астам іс-шара өткізді. Оларға шамамен 6 мың тұрғын қатысты.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдыраштың айтуынша, мекеме 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды қамтитын бірнеше салада жұмыс істейді. Олардың қатарында спорт, әскери-патриоттық тәрбие, білім, волонтерлік, шығармашылық және интеллектуалдық бастамалар бар.
– Биыл төрттен астам концерт ұйымдастырылды. Ертіс жағалауындағы концерттерге 30 мыңнан астам облыс тұрғыны жиналды. Сонымен бірге, «Dala sound», «Павлодар дауысы» сияқты шығармашылық байқаулар өткізіліп, үздік әншілер мен би ұжымдарына сахнаға шығуға мүмкіндік бердік, – деді ол.
Жандарбек Қабдыраштың сөзінше, шығармашылыққа қызығатын жастар үшін кастингтердің де маңызы зор. Қатысушылар байқаулармен қатар ірі концерттік бағдарламаларда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Орталық «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша да тұрақты жұмыс атқарып келеді. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер, пікірсайыстар, квесттер мен конкурстар өтеді. Экологиялық бағытта сенбіліктер, ақпараттық акциялар және «Таза Қазақстан» тақырыбындағы интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылады.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының жыл сайынғы жобаларының бірі – отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Baby Start». Оған жыл сайын 50-ден астам отбасы қатысады. Ал «Baby Show Party» аясында 200-ден астам жүкті әйел медициналық кеңес алып, ана мен балаға қажетті заттарға ие болады.

Спорт саласында жағажай волейболы, футбол, волейбол және баскетболдан жарыстар өткізіледі.
«Ертіс толқыны» бастамасына белсенді қатысқан ақсулық жастардың еңбегі қорытынды кеште ерекше бағаланды. Осы ретте Ақсу қаласының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Әйгерім Қалиеваның айтуынша, қалаға берілген екі күн ішінде жағажайда концерттік және ойын-сауық бағдарламалары ұсынылған.
– Мәдениет сарайымен бірге бишілерді, әншілерді және еріктілерді жұмылдырдық. Екі күнде 150-ден астам өнерпаз қатысты. Концерттен бөлек спорттық ойындар мен жастарға арналған сұрақ-жауап бағдарламалары өтті, – деді ол.

Ал Баянауыл ауданының жастары да бастама аясында үш күн бойы өнер көрсетті. Аудандық жастар орталығының директоры Ренат Ілдиннің айтуынша, бағдарламаға Баянауылдың спорт, мәдениет және өнер саласындағы жастары, сондай-ақ Майқайың кентінің өкілдері атсалысты.
– Біздің мақсатымыз – Баянауыл өңірінің мәдениетін көрсету және Павлодарға келген қонақтар мен жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау. Үш күнде ауданның әр елді мекенінен жастар мен өнерпаздар келіп, концерттік және спорттық бағдарламалар ұсынды, – деді орталық басшысы.

Қорытынды жиында жастар орталықтарының жұмысына алғыс айтылып, контент түсіру үшін олар жабдықтармен, соның ішінде жаға микрофондармен қамтамасыз етілді.