Екібастұз қыстан ойдағыдай шықты

Кеншілер қаласында жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 1,5 пайызға төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов қаланың келесі жылу маусымына дайындық барысымен танысты.
Шаһарда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, 13 сәуірде аяқталды.
Қала әкімі Аян Бейсекин қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда станциядағы технологиялық бұзушылықтар саны 93,6 пайызға азайғанын жеткізді.
– 2022-23 жылдары 190 технологиялық бұзушылық, 2023-24-те – 37, 2024-25-те 12 технологиялық бұзушылық болды. Қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеу шеңберінде 80 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілері жаңартылды, осылайша жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 1,5 пайызға төмендеді, – деді Аян Бейсекин.
Жылыту маусымы аяқталғанға дейін температуралық және гидравликалық сынақтарды өткізу кестелері қалыптастырылған. 14 сәуірде температуралық сынақтар өткізілді. 17-20 сәуір аралығында – төрт кезеңдегі гидравликалық сынақтар өтіп, 179 зақым анықталды. Бүгінгі таңда желілердегі зақымдарды жоюмен айналысатын 25 авариялық бригада жасақталған. Нақты мерзімдермен төрт кезеңде зақымдануды жою кестесі құрылған. Бірінші кезеңде – 17 мамырда 398 көппәтерлі тұрғын үй мен 54 әлеуметтік нысанды ыстық сумен жабдықтауға қосу жоспарланған. Екінші кезеңде – 22 мамырдан бастап 52 көппәтерлі тұрғын үйде және алды әлеуметтік нысанды, үшінші кезеңде – 28 мамырдан бастап 51 тұрғын үй және бір әлеуметтік нысанды және төртінші кезең – 30 мамырдан бастап қалған 17 тұрғын үй мен үш әлеуметтік нысанды ыстық сумен жабдықтауға қосылады.
– Осылайша, 30 мамырға дейін 518 көппәтерлі тұрғын үй және 64 әлеуметтік нысанға ыстық су беруді жоспарлап отырмыз. Қалада шамамен 700 тұрғын үй бар. Басқарма органдарының бірінші басшыларымен кеңес өткізіп, дайындықтың нақты мерзімдерін белгіледік. Ішкі инженерлік желілерге ағымдағы жөндеу жүргізілетін үйлер дайындық актілерін алуы тиіс. 30 маусымға дейін және ішкі инженерлік желілерді қайта құру, күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін үйлер барлық жұмыстарды 15 тамызға дейін дайындық актілерін алумен аяқтауы керек, – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, үкімет пен облыстық бюджеттің қолдауының арқасында №3 түтін құбырының жеті қазандық агрегатын және жалпы станциялық жабдықты 11 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жоспарланған.
– Үшінші маусым қатарынан ауқымды жөндеу компаниясы жүргізілуде. Себебі резерв болғанын қалаймыз. Егер 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі қыста резервте бір қазандық болса, өткен қыста екі қазандық болды. Бізде резервте кем дегенде екі, тіпті төрт қазандық болуы керек. Сонда біз барлық жағдайға толық дайын боламыз, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Аймақ басшысы барлық жұмыстарды сапалы және мерзімінде орындауды тапсырды. Әсіресе ыстық суды қалпына келтіруді ерекше назарға алуды талап етті.