Ертіс ауданында саумалға сұраныс артқан

Саумал – түрлі аурулардың алдын алып, адам денесінің күш-қуатын арттырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданының тұрғыны Жұмақыз Әбенова отбасымен 20 жылдан артық уақыттан бері сауса – сусын, жесе – тамақ, мінсе – көлік болған бие сауып, қымыз сатып, бір отбасыны асырап келеді.
– Барлығы жирмадан аса жылқы бар, өз ауданымызды шипалы сусынмен қамтып отырмыз. Астана қаласынан және басқа да аудандардан тапсырыспен қымыз алдыратындар да көп, – дейді Жұмақыз Әбенова.
Зейнеткердің айтуынша, биені жолдасы мен ұлы арнайы аппаратпен сауып алады. Ал өзі қымызды баптап ұстап, тобылғымен ыстап дайындайды.Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Онда жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды, қуаттандырады. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді.
Қазіргі таңда саумалға да сұраныс артқан. Себебі, саумал – балалар мен ересектердің ағзасына қажетті дәрумендердің тәуліктік нормасын қамтамасыз етеді.
– Саумал – түрлі аурулардың алдын алып, ағзаны кешенді түрде сауықтырады, – дейді зейнеткер.
Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе өте пайдалы. Сал аурының алдын алады. Адам бойындағы күш-қуатты арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды.
Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды, қан тамырының жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақсатпен емдік мақсатта саумалды ішетіндердің саны артып келеді, – дейді Жұмақыз Әбенова.
Зейнеткер күнделікті алынатын қымыздың көлемі биенің құлындауына байланысты екенін айтады. Жазғы мезгілде күніне 50-60 литр қымыз алынса, қыста биенің жағдайына қарай болады.