Екібастұз көмірі қалай өндіріледі: журналистер өндірісті өз көзімен көрді

Екібастұз көмірі қалай өндіріледі: журналистер өндірісті өз көзімен көрді
Фото: автор

Қазіргі таңда компания өндірісте циклдік-ағындық технологияны дамытып, конвейерлік жүйелерді кеңінен енгізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Пресс-тур «Богатырь» разрезінен басталды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша нұсқамадан кейін қатысушылар разрездің бақылау алаңын, ағындық технология кешенінің орталық басқару пультін аралап, ЭКГ-15 экскаваторының, 180 тонналық Hitachi карьерлік самосвалының және роторлы экскаватордың жұмысын көрді.

Журналистерге көмірді конвейер арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін заманауи циклдік-ағындық технология да көрсетілді. Қазір оның өндірістік қуаты жылына 26 миллион тоннаны құрайды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 30 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, автоматтандыру өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, кенжарда жұмыс істейтін адамдардың санын азайту арқылы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

«Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорынның өндірістік әлеуеті мен технологиялық дамуы туралы айтып берді. Қазіргі таңда компания құрамында «Богатырь» және «Северный» атты екі разрез бар. 2005 жылы кәсіпорын 58,5 миллион тонна көмір өндіріп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

- Бүгінде өндіріс тереңдігі шамамен 200 метрге жетті, ал жобалық тереңдік – 400 метр. Сондықтан конвейерлік жүйелерге, автоматтандыру мен цифрландыруға көшу қажет. Кенжарда адам неғұрлым аз болса, өндіріс соғұрлым қауіпсіз болады, – деді Евгений Мастернак.

Пресс-тур қатысушылары 180 тонналық Hitachi карьерлік самосвалын басқаратын Мадияр Сатыбалдиновпен де әңгімелесті. Жүргізушінің айтуынша, алып техниканың көлемі мен басқару ерекшеліктеріне уақыт өте келе үйренуге болады. Ұзақ ауысым кезінде арнайы жүйелер жүргізушінің шаршауын бақылауға көмектеседі.

- Біз 11 сағаттан жұмыс істейміз. Жүргізуші шаршаған кезде ескерту беретін жүйе бар. Мұндай техникаға уақыт өте келе үйренесің, – деді Мадияр Сатыбалдинов.

Пресс-тур барысында журналистер көмір өндірісін сырттай ғана бақыламай, өндірістік процестің ішіне еніп, ауыр техниканың жұмысынан бастап технологиялық кешендерді басқаруға дейінгі барлық кезеңді көрді. Іс-шара соңында «Көмір – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында брифинг өтіп, БАҚ өкілдері кәсіпорын басшылығы мен мамандарына өндіріс, технология және даму перспективалары жөнінде сұрақтарын қойды.

«Богатырь Көмір» ЖШС – көмірді ашық әдіспен өндіретін жетекші кәсіпорын. Компанияның жиынтық өнеркәсіптік қоры шамамен 2,4 млрд тонна көмірді құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 42 млн тонна көмір (оның ішінде «Богатырь» кеніші – 32 млн тонна, «Северный» кеніші – 10 млн тонна). Компанияның үлесіне Екібастұз көмір алабында өндірілетін жалпы көмір көлемінің 67%-ы, ал Қазақстан Республикасындағы жалпы көмір өндірісінің 38%-ы осы компанияның үлесіне тиесілі.

«Богатырь Көмір» компаниясы – ТМД елдерінің энергетикалық көмір нарығындағы ірі жеткізуші. Қазақстандағы жылу электр станцияларының басым бөлігі және Ресейдің ең ірі көмір электр станциясы – Рефтин МАЭС-і «Богатырь Көмір» өнімімен жұмыс істейді.