Екібастұз ЖЭО жылыту маусымына қаншалықты дайын?
Энергетика министрі бұл жақсы көрсеткіш екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі энергетика нысандарының жылу беру маусымына дайындығына қарай үш топқа бөлінгенін атап өтті.
– Біріншісі – 70 пайыздық көрсеткіш. Бұл көрсеткіш жылыту маусымына қарқынды түрде дайындалған орталықтар. Бүгінде Екібастұздық ЖЭО осы орталықтардың қатарына кіреді. 50 пайыздық дайындықты орташа деп бағалауға болады. Орташа дайындықты көрсеткен орталықтардан аса үлкен мәселелерді көріп тұрған жоқпыз, – дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Үшінші топқа жылыту маусымына дайындығы нашар жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар кірді.
– Қарағанды, Риддер қалаларындағы қысқы маусымға дайындықты бақылауда ұстаймыз. Жөндеу жұмыстарының барысына бақылау жүргізілуде, республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді, – дейді министр.
Республика бойынша энергетикалық қадағалау комитетінің өкілдері жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарды үнемі бақылауда ұстап, фото және видео бақылау жүргізіп, әкімдіктермен кездесу өткізеді.