Май ауданында суару жүйесі қайта жаңғыртылады
Ертіс өзенімен тұрақты байланысы бар арнадан су алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалының директоры Төлеген Күлжановтың мәлімдеуінше, Май ауданы Майтүбек ауылында жалпы ауданы 1200 га суармалы учаске үшін инженерлік желілерді суару жүйесі қайта жаңартылады. Сондай-ақ, сол ауданның Қаратерек ауылындағы ауданы 4500 га учаскедегі суару жүйесі қайта жаңғыртылуда.
– Ауданы 4500 гектар жаңадан енгізілетін суармалы учаскені суармалы сумен қамтамасыз етеміз. Ертіс өзенімен тұрақты байланысы бар жайылма арнадан су алу жүзеге асырылады. Май ауданының Майтүбек және Қаратерек ауылдарындағы суару желілерін қайта жаңарту 5700 гектар егіс алқабына су беруге мүмкіндік береді. Екі жоба да аяқталуға жақын, – деді Төлеген Күлжанов.
Бұдан бөлек, Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында «Жангөбек» ЖШС-ке жалпы ауданы 1063 га суармалы учаскі үшін инженерлік желілері салынуда.
Жоба «ҚазСуШар» РМК Павлодар және Шығыс Қазақстан филиалдарының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылуда. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Айта кетерлігі, ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Павлодар облысында «ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалы 2022 жылдың басында Железин ауданы суармалы алқабына 10 шаршы метр желісімен су құбыры және екі «толық трансформаторлық қосалқы станциялар салу» объектісін пайдалануға берді. Павлодар облысы Железин ауданы Үрлітүп ауылында орналасқан 732 га алаңда тұрақты суару алабына суармалы су беру жүзеге асырылуда, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндірістік жем-шөп базасының тапшылығының азаюына мүмкіндік береді.