Екібастұзда құрметті азаматқа белгі табысталды
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Серік Макаровқа «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» белгісі берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның еңбек жолы Екібастұз бассейнінің көмір өндірумен байланысты.
– Белгілерді Республика күніне арналған салтанатты іс-шара кезінде тапсырдық. Бірақ Серік Жұматайұлы күрделі операцияға байланысты іс-шараға қатыса алмады. Сондықтан мен бөлек келіп, оған осы белгіні беруді шештім, өйткені ол ерекше назар аударуға да, үлкен құрметке де лайық, – дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Серік Жұматайұлы биыл Екібастұзға келгеніне 40 жыл толғанын айтты. Еңбек жолын 1984 жылы «Степной» кенішінде тау-кен шебері ретінде бастаған. Содан бері төрт онжылдық жұмыс барысында кәсіби шеберліктің барлық сатыларынан өтті.
Мамандық таңдау кездейсоқ емес. Оқуды бітіргеннен кейін оның қандай мамандық таңдағысы келетініне күмән болған жоқ. Өйткені, ерте жастан бастап әкесі, тау-кен инженері ұлына бұл қарапайым емес, асыл іске деген сүйіспеншілікті оятты.
Жиын барысында қала әкімі құрметті тұлғамен Екібастұз көмір бассейнінің тарихы, оның әртүрлі кезеңдері, көмір өндіру процесіне жаңа, прогрессивті технологиялар қалай енгізілгені туралы әңгімелесті.
– Серік Жұматайұлы – өз ісінің кәсіби маманы. Оның өндірістік және қоғамдық жұмыстарда үлкен тәжірибесі бар. Біз оның қосқан үлесін бағалаймыз және оған көмір өндірушілердің жаңа буынымен ұзақ уақыт бөлісетін кеңестер мен білім қажет, – дейді қала әкімі.
Әкім өңір игілігі жолында көпжылдық және баға жетпес еңбегі үшін алғысын білдірді. Серік Жұматайұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сергектік тілеп, барлық сынақтардан табандылықпен өтуге тілектестік білдірді. Сондай-ақ оның үлкен отбасына амандық пен бақыт тіледі.