Павлодар облысында өткен жылдан бері үш жүзден астам отбасына көмек көрсетілді
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезекті 41 конференциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партияның атқарушы хатшысы Айгүл Маликова өңірлік филиал жұмысының қорытындылары туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді белгіледі. Мәселен, ол бүгінгі таңда Ертіс-Баян өңірінде «AMANAT» партиясының 48 мың мүшесі, 213 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейтінін, ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың 189 депутатының 143-і «AMANAT» атынан екенін айтты.
– Жалпы партия қызметінің векторы өзгеруде. Қалалық және аудандық филиалдар үлкен жұмыс атқаруда, мәслихаттардағы депутаттардың басымдығы, партиялық жобаларды табысты іске асыру, азаматтарды қабылдау және басқа да істер бұның нәтижесі, – деді Айгүл Маликова.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко депутаттық корпус қызметінің ашықтық және қолжетімділік жағына қарай өзгеруіне назар аударды. Ол халық қалаулыларын қоғамның сұраныстарына жедел ден қоюға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жұмысты күшейтуге шақырды.
– Қарастыруды қажет ететін көптеген өңірлік мәселелер бар. Біз алдыңғы қатарда болуымыз керек. Мәжілісмендердің келуін күтпей, озып жұмыс істеу керек. Барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді жергілікті жерлерде пысықтап, республикалық деңгейде қарауға ұмтылу қажет, – деді мәслихат төрағасы.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру туралы оның амбассадоры, облыстық мәслихат депутаты Раушан Даумова айтып берді.
– Өткен жылдан бері 300-ден астам отбасына әлеуметтік және материалдық көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда бұл отбасылар мен балалар үнемі бақылауда, біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңес мүшелері отбасын, әйелдер мен балаларды құқықтық қорғауды қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы, жеке кездесулерде және түрлі алаңдарда консультациялық көмек көрсете отырып қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде, – деп атап өтті жоба елшісі.
Бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің атынан конференцияға қатысушылар алдында «Қазақстан алюминийі» АҚ БПҰ төрағасы Виталий Голубенко сөз сөйледі.
– Бүгінде кәсіпорында 5355 адам жұмыс істейді, оның ішінде 3911-і «AMANAT» партиясының мүшелері, 17 зауыт ішіндегі партия ұяшықтары жұмыс істейді. Қызметкерлер «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және т.б. партиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысады, проблемалық мәселелер бойынша азаматтарды тұрақты қабылдау жүргізіледі, партиялықтар балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық акцияларына қатысады, – деді ол.
Конференция барысында партия жанындағы бақылау-тексеру комиссиясының құрамы айқындалды, сондай-ақ облыстық мәслихатқа депутаттарды сайлауға кандидаттар ұсынылды.