Екібастұзда үш бағыттағы автобустар желіге шықпай қойды
Конкурс нәтижелерімен келіспеген компания қызмет көрсетпей қойған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
14 қыркүйек күні қала тұрғындары автобус желілерінде №2, 22, 5 маршруттардың жоқтығын байқаған.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін №2, 22, 5 маршруттары бойынша тасымалдаумен айналысатын компанияны анықтау үшін конкурс өткізілген. Байқау қорытындысы бойынша «Жоламан» ЖШС жеңімпаз атанған, ал бұған дейін жолаушыларды «Тұлпар» ЖШС тасымалдаған.
– Шарт бойынша «Тұлпар» ЖШС 18 қыркүйекке дейін қызмет көрсетуі тиіс болған. Дегенмен компания конкурс нәтижелерімен келіспегендіктен, қызмет көрсетуін тоқтатқан, – дейді әкімдікте.
Қазіргі таңда «Жоламан» ЖШС жылжымалы құрамы желіге шығуға дайындалуда. Әкімдікте № 2, 22, 5 маршруттар жақын арада желіге қайта қосылатынын және әдеттегі кестеге сәйкес жұмысын жалғастыратынын хабарлады.