Екібастұзда әке мен бала айтысы өтті
№ 5 ЖОББМ-де «Ақын мен поэзия – егіз ұғым» атты ақындармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Поэзия кешіне Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, суырып салма ақын Жұмкен Сейітов, әкесінің жолын қуып жүрген айтыскер ақын Тілек Сейітов, № 22 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тіл жанашыры Гүлбаршын Сейітова шақырылды. Сонымен қатар, «Атамұра» мәдениет орталығының әншісі Жомарт Қабыкенов әсем әнмен кешті көркейтті.
– Поэзия кешіне ақындарымызға оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Әке мен бала бір-бірімен айтысып, айтыс өнерін жас жеткіншектерге дәріптеді. Жастардың бойларына тәлім-тәрбиені дарытып, рухани дүниені қолдауға бағытталған мұндай шараның маңызы зор, – дейді № 5 ЖОББМ-ның басшысы Аманжол Ерен.
Бүгінде аталған аралас оқу ордасында 538 оқушы білім алады, 60 мұғалім қызмет атқарады. Мұғалімдер мен оқушылар, мектеп намысын қалалық, облыстық олимпиадалар мен оқуларда сәтті қорғап, жүлделі орындарға ие болуда.