Павлодарда «Ертіс» пен «Қызылжар» кездеседі
Жекелеген көрермендер Орталық стадиондағы ойынды тегін тамашалай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» футбол клубының мәліметінше, 10 қазанда Павлодар командасы Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдайды.
Чемпионаттағы шағын үзілістен кейін павлодарлық футболшылар өз алаңындағы ойындарға қайта оралады. Кездесу Орталық стадионда сағат 15:00-де басталады.
– Алда маңызды матч, тартысты ойын және трибунадағы ерекше футбол атмосферасы күтіп тұр, – деп хабарлады клубта.
Матч билетінің құны – 1000 теңге. Оларды «Яндекс Афиша» сервисі арқылы сатып алуға болады.
Маусымдық абонемент иелері, 14 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлер ойынды тегін көре алады. Стадионға кірген кезде жеңілдікке құқығын растайтын құжат көрсету қажет.