Екібастұзда барлық көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілді
Дей тұрғанмен тұрғын үйлер арасында жылу бойынша шағымданғандар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңір басшысы Асайын Байханов Екібастұздағы жылу беру маусымының басталу барысын тексерді.
- Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың 4-і жұмыс істеп тұр, 2-і резервте. Қалған 4 қазандықты жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы үйлерге жылу берілді. 690 көппәтерлі тұрғын үйден 20 үйде жылу бойынша шағымдар бар. Оларда температуралық параметрлердің қалыпты болуына қарамастан тиісті қысым болмай отыр. Нәтижесінде жалпы үйдің жылумен жабдықтау жүйесінде айналым жоқ, - делінген хабарламада.
Асайын Байханов осы үйлерге барып, беріліп жатқан параметрлерді тексеріп, тұрғындармен кездесті.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы мамандарға әрбір үй бойынша сұрақтарды жекелей қарастыруды, жылудың жетіспеушілік себептерін анықтауды және осы үйлердегі жылуды жақсарту үшін қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Қаланың жылумен жабдықтау жүйесін теңдестіруге және бірнеше шағын ауданның гидравликалық параметрлерін жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа ЖМ-7/1 қосымша жылу магистралінің құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, екінші көтергіш сорғыдан Екібастұз ЖЭО-на дейін техникалық судың жаңа резервтік магистралінің де құрылысы жүргізілуде. 12 км-ден 7 км-ге жуық су құбыры салынды. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Кеншілер қаласында жылу беру маусымының жүруі өңір басшысының қатаң бақылауында.