Екібастұзда чемпиондар Құрылтай сайлауына ерекше образбен келді
Екібастұздағы сайлау учаскелерінің біріне кәсіби спортшылар ерекше құрамда келіп, ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дауыс беруге «NAIZA TEAM» турнирінің кәсіби жауынгерлері және 28 тамызда өтетін «ALASH PRIDE» турнирінің спортшылары спорттық киімдері мен чемпиондық белбеулерін тағынып келді.
Олардың қатарында Сайхан Джимухаев, Ерасыл Танибергенов, Марат Әшімтаев, Данияр Жүнісов және Артур Васюткевич бар.
Кәсіби спорттағы жеңістерімен танылған жауынгерлер бүгін азаматтық ұстанымын білдіріп, сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Спортшылардың айтуынша, рингтегі жарыстан бөлек, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқандарға қатысу да - азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.
Чемпиондық белбеулерін алып келген спортшылар сайлау учаскесінде көпшіліктің назарын аударып, бүгінгі күннің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.
Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы 501 сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам бақылаушы сайлау процесін бақылауға кірісті.