Екібастұзда интернет-дүкен арқылы есірткі сатып алған әйел ұсталды
Ол бұрын сотталған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен Ж. Омашев көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 26 жастағы бұрын сотталған есірткі құралдарының заңсыз айналымына күдіктіні ұстады.
Күдіктіні жеке тінту барысында оның киім қалталарынан және сөмкесінен 27 орам табылды. Аталған орамдарды ол жасырын «қойма» жасау арқылы өткізбек болған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттар жалпы салмағы 27 грамнан асатын синтетикалық есірткі заты болып шықты, бұл «аса ірі мөлшерге» жатады.
Күдікті интернет-дүкен арқылы есірткі заттарын сатып алып, оларды әрі қарай жеке табыс табу мақсатында таратумен айналысқанын түсіндірді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі-«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, өндіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыс үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаның заңсыз әрекеттерінің барлық эпизодтарын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жалғасуда.