Павлодарда білім сапасы мен жасанды интеллектке басымдық берілмек
Педагогтер алдағы оқу жылындағы негізгі міндеттерді талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары – адами капиталды дамыту мен білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңдегі оқу сапасы, ұстаздардың кәсіби дамуы, жасанды интеллект, инклюзивті оқыту және балалардың қауіпсіздігіне қатысты басым бағыттар айқындалды.
Конференцияда Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Зауреш Ахмадова шаһардағы білім жүйесінің көрсеткіштерін таныстырды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда қаладағы білім беру ұйымдарының саны 140-тан 145-ке өскен. Мектепке дейінгі ұйымдарда 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайыз деңгейінде сақталған.
– Педагогикалық кеңес – бұл тек оқу жылын қорытындылау емес, қол жеткізілген көрсеткіштерге объективті баға беріп, проблемалық аймақтарды анықтап, алдағы кезеңге стратегиялық шешімдер әзірлейтін алаң, – деді Зауреш Ахмадова.
Қала мектептерінде жылды «4» және «5» бағасымен аяқтаған оқушылардың үлесі 67 пайызға жеткен. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы үлгерім көрсеткіші 56 пайыздан 71 пайызға артқан. Лицей және гимназия сыныптарында бұл көрсеткіш 81 пайызды құраған.
Сонымен бірге, математика пәні бойынша көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр. 9-сыныптардағы қорытынды аттестаттау кезінде мектептердің 46 пайызы қалалық орташа көрсеткішке жете алмаған. Осыған байланысты алдағы кезеңде математикалық сауаттылықты арттыру және көрсеткіші төмен мектептерге жеке сүйемелдеу көрсету негізгі міндеттердің бірі болмақ.
ҰБТ қорытындысында да оң өзгеріс байқалады. Түлектердің тестілеуге қатысу үлесі 88 пайыздан 93 пайызға өсіп, орташа балл 71-ден 73-ке көтерілген. Шекті деңгейден өте алмағандардың үлесі 9,6 пайызға дейін төмендеген. Биыл Павлодар түлектері 649 мемлекеттік грант иеленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары.
– Әрбір жоғары көрсеткіштің артында ұстаздардың, мектеп басшыларының және әдістемелік қызметтің жүйелі еңбегі тұр. Біздің міндетіміз – нәтижені жай ғана көбейту емес, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету, – деді бөлім басшысы.
Қалада мұғалімдерді әдістемелік қолдаумен қамту деңгейі 76 пайыздан 85 пайызға дейін өскен. Практикаға бағытталған іс-шаралар саны 60 пайызға артқан. Жас мамандарды кәсіби сүйемелдеу 45 пайызға көбейген. Қазір жалпы білім беретін мектептердегі ұстаздардың 77 пайызында жаңа форматтағы біліктілік санаты бар.
Цифрлық бағыттағы жұмыстар да жанданып келеді. «Digital Hub» жобасы арқылы 705 мұғалім жасанды интеллект құралдарын меңгерген. Олар ChatGPT-ті сабақ жоспарлау, оқу контентін әзірлеу және білім алушылардың көрсеткіштерін талдау мақсатында қолдануды үйренген.
Тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде ұйымдастырылуда. Павлодар мектептерінде еңбекке баулу, патриотизм, азаматтық жауапкершілік және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. «Enbek Hub» бастамасы аясында өткен оқу жылында 10 жаңа кабинет ашылып, оқушылар тігін, ағаш және металл өңдеу, аспаздық, дизайн, робототехника, 3D модельдеу және инженерлік бағыттар бойынша практикалық дағдыларды меңгерген.
Жазғы демалыс кезінде 43 мектепте 16 мыңнан астам бала тыныққан. 5-10 сынып оқушыларының 28 мыңнан астамы бейінді лагерьлер мен түрлі бағыттағы бағдарламаларға қатысты. 4500-ден астам жасөспірім еңбекпен қамтылып, оның 582-сі бюджет қаражаты есебінен жұмысқа орналастырылған.
Конференцияда ҚР оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев республикадағы салаға қатысты өзгерістерге тоқталды.
– Біздің басты міндетіміз – әр баланың тұрған жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау. Педагогтердің әлеуетін арттыру, білім беру инфрақұрылымын жақсарту, инклюзивті және қосымша оқытуды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Әрбір бала сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сондықтан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, алдағы оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4 миллионнан астам оқушы білім алады. 380 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қабылданады. Мектепке дейінгі ұйымдарда бір миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Келесі жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру қызметін лицензиялау енгізіледі.
Қазақстандық оқушылардың халықаралық аренадағы жетістіктері де аталды. Өткен оқу жылында олар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1059 медаль жеңіп алған. Оның 311-ін Павлодар облысының оқушылары иеленген.
– 2025-2026 оқу жылы орта білім беру жүйесі үшін ерекше жетістіктер кезеңіне айналды. Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда жоғары көрсеткіш көрсетіп, еліміздің зияткерлік әлеуетін әлемдік деңгейде танытты, – деді Жомарт Карамбаев.
Министрлік өкілдің сөзінше, балалардың құқықтарын қорғауға да ерекше назар аударылады. Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 540 арнайы ұйым жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 213 мыңнан астам бала қамтылған.
Алдағы оқу жылынан бастап мектептерде жеке қауіпсіздік курсы енгізіледі. Сонымен қатар, 5-7 сыныптарда Конституция негіздері, 8-11 сыныптарда «Заң мен Тәртіп» курстарын енгізу жоспарланып отыр.
Оқу бағдарламалары да жаңартылады. Бастауыш сыныптарда оқу жүктемесін оңтайландыруға, оқу, жазу және математикалық функционалдық сауаттылықты күшейтуге басымдық беріледі. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға көңіл бөлінсе, 8-9 сыныптарда Қазақстан географиясын аптасына екі сағат оқыту қарастырылып отыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елде 217 жаңа нысан салынды. Оның 84-і ауылдық жерде орналасқан. Ал жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу шалғайдағы және шағын жинақты мектептердің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталады.
– Жаңа технологияларды енгізу ең алдымен білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуға бағытталуы керек. Жасанды интеллект арқылы үздік мұғалімдердің тәжірибесін, әдістемесін және сапалы білім беру контентін шалғайдағы ауыл мектептеріне жеткізу жоспарланып отыр, – деді Жомарт Карамбаев.
Министрлік өкілі педагог мамандығының мәртебесіне қатысты да дерек келтірді. TALIS зерттеуіне сәйкес, Қазақстан педагог мамандығының қоғамдық мойындалуы бойынша әлемде екінші орында. Мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанатынын айтқан. Елдегі 23 мыңға жуық білім беру ұйымында шамамен 600 мың педагог еңбек етеді.
Жиын соңында алдағы кезеңнің негізгі міндеттері белгіленді. Олар – оқу сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби әлеуетін күшейту, жасанды интеллектті тиімді пайдалану, инклюзивті оқытуды дамыту, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау және әр оқушыға тең мүмкіндік жасау.