Павлодар - Успен автожолында көлік кюветке аударылды
Салдарынан жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 21 қазанда таңғы сағат 06:20-да Павлодар- Успен автожолы, Мойылды кентінің жанында «Toyota Alphard» маркалы көлігі кюветке аударылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 31 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Ал зардап шеккен жолаушы ауруханаға жатқызылды.
22 қазанда сағат 18:20-да Гагарин көшесі, 65 мекенжайындағы үйдің жанында КамАЗ автокөлігінің 58 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні басып кетті. Жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды.
Дәл сол күні сағат 20:23-те Ледовский көшесіндегі жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түсті. Тойота Камри маркалы автокөліктің жүргізушісі жол-көлік оқиғасынан кейін белгісіз бағытта қашып кетті.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде Айманов көшесіндегі патрульдік полиция батальонының автопатрулімен 56 жастағы жүргізуші ұсталды. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша оның орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйінде болғаны анықталды. Жүргізуші УДБО-на орналастырылды, – деді департаментте.
Полиция ЖКО фактілері бойынша тексерулер жүргізуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.