Екібастұзда кілтті көлік ішінде қалдырған жүргізушінің автокөлігі ұрланды

Полиция көлік иелерін сақ болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке үйдің ауласынан Volkswagen Vento маркалы автокөліктің ұрланғаны туралы хабар түсті.
Зардап шеккен азаматтың айтуынша, ол көлігін үйінің алдына қойып, есігін ашық қалдырған, ал кілтін көліктің күлсалғышына тастап кеткен. Осы жағдайды пайдаланған белгісіз біреу, еш қиындықсыз көлікті от алдырып, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
– Барлық полиция нарядтарына жедел бағдар беріліп, «Құрықтау» жоспары енгізілді. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Екібастұз – Майқайың автожолында көлікті айдап кеткен күдікті ұсталды. Ол мас күйінде болған. Қазіргі таңда бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Көлік заңды иесіне қайтарылды, ал күдікті Павлодар қаласындағы арнайы қабылдау орнына қамалды, – делінген хабарламада.
Полиция көлік иелерін сақ болуға шақырады: көліктеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар, заманауи дабыл жүйелерін орнатыңыздар және қылмыскерлердің назарын аудартатын заттар мен кілттерді көлік ішінде қалдырмаңыздар.