Керзі етік киген павлодарлықтарды қайда жөнелтеді

Керзі етік киген павлодарлықтарды қайда жөнелтеді
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл өңірден барлығы 704 азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі. Олардың ішінде Қарулы күштер құрамына – 380 адам, Ұлттық ұланға – 240 адам, Шекара қызметіне – 50 адам, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 25 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне  9 адам қарастырылған.

Алғашқы топ та жөнелтілді. Кеше Алматы облысы Қарасай кентіне шекара қызметіне 17 шақырылушы аттанды. Қалған азаматтар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жіберіледі.

Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуат Жақановтың айтуынша, биылғы шақырылым өткен жылмен салыстырғанда жоғары.

- Биыл көктемгі шақырылым 2025 жылмен салыстырғанда 50 адамға көбейді. Жалпы, 2024 жылдан бері әскерге шақырылушылар саны артып келеді. Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес біз берілген тапсырманы толық орындаймыз, – деді Қуат Жақанов.

Шақырылушылар еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі әскери бөлімдерге жіберіледі. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан және Абай облыстары, Семей, Өскемен, Аягөз гарнизондары бар.

Шекара қызметіне алынған жастар алдымен арнайы дайындықтан өтеді. Шекара қызметіне жіберілген сарбаздар алдымен үш ай оқытылады. Кейін заставаларда қызмет атқарады. 

- Онда көбінесе сарбаздар өздеріне тамақ дайындайды. Сондықтан біз мүмкіндігінше аспаздық білімі бар жастарды жіберуге тырысамыз. Әрқайсысы алған біліміне қарай мамандыққа бөлінеді, – деді ол.

Қазіргі таңда әскери бөлімдерде ата-аналармен байланыс та күшейтілген. Қазір заманға сай барлық әскери бөлімдерде интернет бар. WhatsApp топтары ашылған. Тәрбие жөніндегі офицерлер ата-аналармен тұрақты байланыста болып, барлық сұрақтарды қарайды. Демалыс күндері сарбаздар телефон арқылы хабарласа алады.

Сонымен қатар, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

2022 жылдан бастап әскери қызмет атқарған азаматтарға жеңілдіктер берілуде. Олар екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, сұхбат арқылы түсе алады. Үздік сарбаздар тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ олардың кредиттері мен микрокредиттері 14 айға дейін тоқтатылады.