Екібастұзда лифт шаруашылығы жаңғырды

Екібастұзда лифт шаруашылығы жаңғырды
Фото: Константин Шелков

Бүгінгі таңда қаладағы жеделсатылардың басым бөлігі нормативтік мерзімінен шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда шаһарда 329 лифт болса, олардың 170-і тозған.

Екібастұз әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, коммуналдық мәселе кезең-кезеңмен шешіліп жатыр. Сонымен қатар, техникалық байқау нәтижелері бойынша пайдалану сертификатының мерзімін ұзарту шаралары да қолға алынды.

– Былтырдан бері «Тұрғын үй саласын жаңғырту» бағдарламасы бойынша қалалық бюджет есебінен жаңа бағдарлама жүзеге асырып жатырмыз. Екі жыл қатарынан 200 миллион теңгеден бөлініп, жаңа жеделсатыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл сома кем дегенде 15 құралды алмастыруға жетеді, – дейді Аян Бейсекин. 

Жаңғырту жұмыстары республикалық бюджет есебінен де жүзеге асырылуда. Жыл сайын 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, тұрғын үйлердің шатыры, қасбеті мен инженерлік желілерін жаңартуға да жұмсалады. 

Биыл кеншілер қаласының кәріз және сумен жабдықтау жүйесін жөндеуге де қыруар қаржы бөлінді.

Аян Бейсекиннің мәліметінше, соңғы жылдары 100 шақырымнан астам коммуналдық желі жөнделді. Десе де, тозығы жеткен нысандар әлі де жеткілікті. Бүгінгі таңда шаһардағы кәріз бен су жүйелерінің 70%-ы тозған.

– Коммуналдық жүйедегі ақауларды көктемгі және күзгі гидравликалық сынақ нәтижесінде анықтап, қалыпқа келтірдік. Жалпы, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға мемлекеттік бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған құбылыс, – дейді Аян Бейсекин. 

Еске сала кетейік, соңғы үш жылда Екібастұздың көшелері мен аулалары адам танымастай өзгерді. Бұл игілікке 15 миллиард теңге бөлінді. Тұрғын үй құрылысы секторында жетістік бар. Жыл сайын ондаған көпқабатты баспана бой көтеруде.