Екібастұзда тозған лифтілердің жаңартылуына 200 миллион теңге жұмсалады

Екібастұзда тозған лифтілердің жаңартылуына 200 миллион теңге жұмсалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалада көпқабатты тұрғын үйлерде барлығы 329 жолаушылар лифті бар, оның ішінде 170 лифтінің нормативтік қызмет мерзімі аяқталды. 

Барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар үй тұрғындардың ортақ меншігі болып табылады. Бүкіл үй шаруашылығын тиісті жағдайда ұстау тұрғындардың жауапкершілік аймағына жатады. 

– Өкінішке орай, қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндіру бойынша жүйелі жұмыстарға қарамастан, мұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Қалада тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында жыл сайын ондаған үй жөнделеді. Дегенмен, инженерлік желілердің, соның ішінде лифтілердің тозуы жоғары үйлер әлі де жеткілікті, – деп жазды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жеке парақшасына.

Ағымдағы жылы қалалық бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөле отырып, лифтілерді жаңғырту жөніндегі арнайы бағдарламаны бастау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жұмыстың аяқталу мерзімі қазан айында 10 өтінім, тағы 8 өтінім қаралуда. 

– Қарапайым сөзбен айтқанда, бағдарлама бүгін лифтіні жаңартуға және 7-10 жыл ішінде төлем жасауға мүмкіндік береді. Қайтарылатын қаражат келіп түскен өтінімдерді одан әрі қаржыландыру үшін револьверлік негізде пайдаланылатын болады, бұдан басқа, қажеттілік бойынша келесі жылдың бюджетінде қосымша қаржыландыруды көздейміз, – деді қала әкімі.

Аян Бейсекин үйлердің біріндегі жұмыс барысын тексеріп, тұрғындармен кездесті. Ол бағдарлама мен өндірілген жұмыстарға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.