Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі сквер абаттандырылуда

Жобаның мақсаты – қала сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мақсатқа қала бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Usm Holding» ЖШС мердігер болып анықталды. Жоспарға сәйкес аумақта 830 шаршы метр кеспе тас төселіп, 33 жарық шамы орнатылады. Сондай-ақ орындықтар, қоқыс жәшіктері мен гүл құмыралары секілді шағын архитектуралық формалар қойылады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлерге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол қауіпсіздік мәселесіне назар аударып, ағаштарды санитарлық кесуді қамтамасыз ету керектігін айтты.
– Сынған бұтақтар тұрғындарға қауіп төндірмеуі тиіс, сондықтан жұмыстар толық аяқталғаннан кейін бұл бағытқа да көңіл бөлу керек, – деді өңір басшысы.
Әкім сондай-ақ мұндай жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
– Жыл сайын кемінде 5-10 ауланы немесе скверді абаттандырып отырсақ, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасады. Бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыру қажет, – деді Асайын Байханов.
Биыл қалада бірқатар қоғамдық кеңістіктер жаңғыртылды. Соның ішінде «Екібастұзға 50 жыл» сквері толық қалпына келтіріліп, асфальт төселді, жарық шамдары ауыстырылды. Сондай-ақ шахтерлер саябағындағы аттракциондар жаңартылып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі скверді абаттандыру жұмыстары 20 күн ішінде аяқталады деп жоспарлануда.