Шарбақты ауданындағы медпункттің құрылысы қашан аяқталады?
Мердігер құрылысты жоспарға сәйкес шілде айында аяқтауға уәде берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барып, «Ауылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарын жаңғырту» ұлттық жобасының қарқынымен танысты. Аудан әкімі Сержан Иманқұлов аймақ басшысына Галкин ауылдық округі, Арбиген ауылында салынып жатқан медициналық пункттің құрылыс барысы жайлы айтып берді.
– Құрылыс жұмыстары 25 сәуірде басталды. Оған дейін қажетті материалдарды дайындау мен кіргізу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр, объектіде 10 кісі жұмыс істеуде, – деді Сержан Иманқұлов.
Жоба бойынша болашақ медициналық нысанның ауданы 150 шаршы метрді құрайды: ұзындығы – 13 метр, ені – 12 метр; ғимараттың биіктігі 3 метр, бір жағы алты метрге көтеріліп біреңісті шатырмен жабылады; сыртқы қабырғасы үшқабатты сылақ және 20 сантиметрлік жылуұстағыш қабатпен жабылады; қабырғаның ені 500*10 миллиметрді құрайды.
Бүгінде «Екібастұз кірпіш зауыты» ЖШС кірпіштерімен нысанның іргетасы салынуда.
– Жоспар бойынша 25 мамырға дейін қабырғаларды қалап, жабынды бастаймыз, төбесі 1 маусымға дейін жабылады, – деп сендірді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Сержан Иманқұлов ғимараттың жайғасымына тоқталды.
– Кіреберісте дәрі қобдишасы орналастырылады. Вестибюль 18 шаршы метр, физиотерапия кабинеті 18 шаршы метр, емдеу бөлмесі 13 шаршы метрді құрайды, одан бөлек техникалық кабинет бар, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Асайын Байханов жаңа медициналық нысанға қызметкерлердің дайындығы туралы сұрады.
– Штат үш кісіден тұратын болады: 1 медбике, 1 санитар және 1 электржабдық маманы. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Тоғжан Қабышевна болады, – деп атап өтті аудан әкімі.
Ол жоспар бойынша құрылыс шілденің ортасында аяқталып, техникалық үдерістердің мерзімі сақталатынына кепіл берді. Барлық жиһаздар мен құрылғылар сол мерзімге дейін қосылады. Ғимаратты жылыту электр қазандығының көмегімен іске асырылатын болады.
Биыл салынып жатқан медициналық нысан ауданда біреу ғана, ол осы Арбиген ауылындағы медициналық пункт. Жылдың соңына дейін 49 миллион теңгеге Сосновка ауылында және келесі жылы ауданның тағы екі медпунктінде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
– Ауылда 289 тұрғын бар. Соңғы жылдары елді мекенге тағы 3 отбасы көшіп келді. Салынып жатқан медициналық нысан Галкин ауылдық округіндегі көрші ауылдардың тұрғындарына да пайдасын тигізеді, – деп сендірді Сержан Иманқұлов.
Кездесу соңында Асайын Байханов Арбиген ауылының «көңіл бөлінбей жүрген» ауылдардың қатарында екенін және сол себепті осындай жобалардың маңыздылығы үлкен екенін атап өтті.