Екібастұзда МАЭС-1 қызметі бойынша жария тыңдау өтеді

Екібастұзда МАЭС-1 қызметі бойынша жария тыңдау өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тыңдау барысында тұтынушылардың пікірі ескеріліп, тарифтерді бекіту кезіндегі әділдік қағидаттары басты назарда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-нің сарқын суды бұру тарифін бекітуге немесе өзгертуге берген өтінімін талқылау үшін жария тыңдау ұйымдастырады.

Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, жиын 5 наурыз күні сағат 12:00-де Екібастұз қаласындағы МАЭС-1 өндірістік аймағында орналасқан әкімшілік ғимаратта өтеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, аталған шараны Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақша арқылы тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік бар. Ұйымдастырушылар бұл талқылауға мәслихат депутаттарын, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың өкілдерін, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қатысуға шақырады.

Айта кетерлігі, Үкіметтің тарифтердің өсуін тежеу жөніндегі саясаты аясында 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет құнының көтерілуіне жол берілмейді.