Екібастұзда су бұру жүйесінде негізгі орталық коллектор жөнделді
Өткен жылы кәріз желісінің жоғары тозуына байланысты бірнеше учаске құлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
50 жылдық көшесі бойымен өтетін орталық коллектор қаланың негізгі су бұру жүйесі болып табылады. Өйткені ол арқылы қаланың барлық лас суларының шамамен 60 пайызы өтеді.
Қала әкімі Аян Бейсекин кәріз желісінің жоғары тозуына байланысты өткен жылы бірнеше учаскелерде құлау орын алып, салдарынан ұзындығы екі километрден асатын проблемалық учаскені қайта құру бойынша шұғыл шаралар қабылданғанын атап өтті.
– Жоба екі жылдық. Бүгінгі таңда барлық негізгі проблемалық учаскелер жөнделді, бұл жүйенің қысқы кезеңде жақсы жұмысын қамтамасыз етті. Көктемде жұмыс толық аяқталғанға дейін жалғасады, – деді шаһар басшысы.
Инженерлік желілерді жаңғырту мәселесі облыс әкімі мен қала әкімінің тұрақты бақылауында.