Екібастұзда жасалған теміржол дөңгелектері Еуропа нарығына шығады

Екібастұзда жасалған теміржол дөңгелектері Еуропа нарығына шығады
Иллюстрация: AI

Алғашқы өнім партиясы Чехиядағы аккредиттелген сынақ орталығына жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұздық дөңгелек жұптарының Еуропа нарығына шығуы жүйелі әрі көпсатылы үдеріс ретінде қалыптасуда.

Теміржол өнімдерін шығаратын холдингтің бас директоры Роман Павлингердің айтуынша, бұл компания үшін әлемдегі ең талапшыл теміржол жүйелерінің біріне стратегиялық қадам.

– Сынақтан сәтті өту және кейінгі сертификаттау Еуропа нарығына ұзақ мерзімді серіктестікке жол ашады, – деп атап өтті Роман Павлингер.

Еуропаға шығуға дайындық барысында компания EN 13262 стандартына сәйкес технологияларын бейімдеді. Бұл стандарт дөңгелектердің классификациясын, материалдарға қойылатын талаптарды, геометриялық дәлдіктерді, механикалық қасиеттерді, теңгерімді, бақылау әдістерін және таңбалауды реттейді. Осыған орай кәсіпорын жабдықтарын жаңғыртып, сапаны бақылау жүйесін күшейтті. Шикізат жеткізу тізбегін қайта қарады және кадрларды дамытуға инвестиция салды. Сонымен қатар еуропалық сегментті талдап, ЕО талаптарына бағытталған өнім жобасын әзірледі.

2025 жылдың қазан айында Берлинде Deutsche Bahn құрамындағы халықаралық инженерлік және консалтингтік фирмамен екі меморандумға қол қойылуы да Еуропа нарығына шығудың стратегиялық сипатын дәлелдейді. Құжаттар инженерлік тәжірибе алмасуға және қазақстандық кәсіпорындардың Deutsche Bahn аккредиттелген жеткізуші мәртебесін алуына жағдай жасауға бағытталған.

Еуропа нарығына екібастұздық өндірушілер жүк құрамына арналған арнайы конструкциялық болаттан жасалған тұтас илемді дөңгелектерді дайындауда. Бұл өнімдер Қазақстанда қабылдау-сату сынақтарынан өтті: геометриясы, беткі қабатының жағдайы, болаттың химиялық құрамы, әртүрлі температурадағы соққы тұтқырлығы, қаттылығы, ішкі ақаулардың жоқтығы және коррозияға төзімділігі тексерілді.