Павлодарда сапасыз өнімдер саудадан алынды

Жарты жылдың ішінде өнімдердің үштен бірі тұтынуға жарамсыз болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Павлодар облысында техникалық талаптарға сәйкес келмейтін салмағы 939,5 келі болатын, құны екі миллион теңгеден асатын өнімдер саудадан алынып тасталды. Бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Гүлнар Асылбекова мәлім етті.
Жалпы 1333 өнім сынамасы зерттеліп, оның 430-ында сәйкессіздік анықталды. Азық-түлік өнімдерінің 20,9 пайызы, ал азық-түлік емес тауарлардың 79,1 пайызы техникалық регламенттерге сай болмаған.
– Анықталған бұзушылықтар бойынша жедел әрекет ету шаралары қабылданып, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 47 қаулысына байланысты 15 дерек анықталып, бес аккаунт бұғаттауға жолданды, – деді Гүлнар Асылбекова.
Тағы бір үлкен мәселе – таңбалау талаптарының сақталмауы. 426 өнімде таңбалауда қателік болған: мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, құрамы туралы деректердің жоқтығы және ЕАЭО белгісінің болмауы тіркелді.
Сапасыз өнімдер қатарында ұн, кондитерлік өнімдер, ойыншықтар мен мектеп формалары бар. Мәселен, екі ұн үлгісінде мырыш пен темір мөлшері нормадан төмен, ал сквиш ойыншығы мен ақ мектеп көйлегі санитарлық талаптарға сәйкес келмеген.