Екібастұздық балабақшада көру қабілеті бұзылған балаларға арналған топ ашылды
Кеншілер шаһарында зағип балаларды білім беру процесіне қосудың тиімді модельдері әзірленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының №4 сәбилер бақшасы базасында зағип балаларға арналған топ ашылды. Ол инклюзивті орта құруға және зағип балаларды жалпы білім беретін балабақшаға тарту, тестілеуге бағытталған «Әлемді ашу: ерте қолдау» пилоттық жобасы аясында жүзеге асты.
№4 сәбилер бақшасында «ДАРА» қоры мен «ORIKA KAZAKHSTAN» компаниясының қолдауымен «Мектепке дейінгі ұйымда көру қабілеті бұзылған балалардың оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру» атты тәжірибелік-бағдарланған семинар өтті. Бұл көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс саласында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Оған педагогтар, тәрбиешілер мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары, қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің өкілдері, ата-аналар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Қазақстанда көру қабілеті бұзылған 8 мыңнан астам бала бар. Екібастұзда көру қабілеті бұзылған әр түрлі жастағы 25 бала бар. Ал №4 сәбилер бақшасына баратын қыз зағип. Бүгінде педагогтар баламен жұмыс істеп жатыр.
– Көру функциясының шектелуіне байланысты балалар түзету немесе жалпы білім беретін сыныптарда оқи алмай, отбасын тастап, республиканың бірнеше қалаларында ғана ашылған интернаттарға оқуға немесе үйде оқуға мәжбүр болады. Дегенмен, балаларға тек білім ғана емес, сонымен бірге өте ерте жастан толыққанды даму, сонымен қатар қарым-қатынас пен әлеуметтену қажет,– деді ПМПК басшысы Назигүл Ақылшынова.
Оның сөзінше, көп жағдайда интеллект толық сақталған зағип балалар үшін тұрғылықты жерінде арнайы жағдайлар мен оқу материалдарының, сондай-ақ мамандандырылған қызметтердің жоқтығы, соның ішінде қарапайым өмірлік дағдыларға үйрену бойынша кедергі болып жатады. Осыған байланысты зағип және нашар көретін адамдар мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ең осал топтардың бірі болып қала береді. Олардың арасында жұмыспен қамтылған және өз бетінше өмір сүретіндердің пайызы өте төмен.