Экологияны ластаушы павлодарлық кәсіпорындар жұмысы тәулік бойы бақыланады
2023 жылы өңіріміздегі зиянды шығындылар көлемі 22 мың тоннаға азайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев келді. Ол облыс орталығында бірқатар кездесулер өткізіп, журналистер сауалдарына жауап берді. Жомарт Әлиев өңіріміздегі көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға нұқсан келтіріп жатқанын атады. Сол себепті кәсіпкерлер бюджетке шығындылар көлеміне сәйкес өтемақы төлейді. Әкімдіктер бұл қаражатты тек экологиялық шаруаларға ғана жұмсауға міндетті.
Сондай-ақ келесі жылдан бастап жаңа экологиялық кодекске сәйкес, ірі зауыттар ең озық технологияларды қолдануға мәжбүрленеді. Онымен қоймай, бірінші санаттағы табиғатты пайдаланушылар барлық өндірістік процессті қайта қарауға міндетті.
Сонымен бірге 2025 жылдан оларда автоматты мониторинг станциялары орнатылады. Облыста сондай 14 бекет бой көтереді: олар онлайн түрде тәулік бойы зиянды шығындылар көлемін көрсетіп тұрады.
- Демек, әрбір 20 минут сайын қоршаған ортаға тарап жатқан шығындылардың көлемі мен сапасын көріп отырамыз. Бұл мұндай бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шешімдер қабылдауға жол ашатынын анық. Жол бойындағы «Сергек» сияқты ғой – соның арқасында жүргізушілер жылдамдықты 60-тан асырмайды, - деп мысал келтірді Жомарт Әлиев.
Министр орынбасары кремний зауыты құрылысын да айта кетті. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жобаны жүзеге асыруға әлі рұқсат берілмеген. Кальцийленген сода зауытына келсек, ол бойынша құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуде.