Екібастұз балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шеттетілді

Екібастұз балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шеттетілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік желіде балабақшада әйел адамның біртүрлі әрекеті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бейнекадрларда сәбиді ұйықтатпақ болған адам көрпені баланың бетіне мәжбүрлеп жауып жатқанын байқауға болады. 

Жеке меншік балабақшада болған факті Екібастұз қаласының полиция басқармасында тіркелген және оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.

Баланың ата-анасы гематомаға байланысты шағыммен жүгінгеннен кейін бейнекармералар тексерілген. Бұл – екі жасқа дейінгі балалар тобы. Балабақша қызметкері жұмыстан шеттетілді. Жеке меншік балабақша болған соң меңгерушісіне қатысты тәртіптік жаза қолдана алмаймыз, – деді Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова. 

Еске сала кетейік, былтыр Павлодарда жас баланың денсаулығына абайсызда ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан, өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот тәрбиеші мен жәбірленуші өкілінің өтінішхатын қанағаттандырып, тәрбиеші қылмыстық жауаптылықтан босатылды, іс жүргізу тоқтатылды. Сондай-ақ облыс орталығындағы №16 бөбекжай бақшаның тәрбиешілері балаларға қатыгездікпен қарап жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес аталған факті бойынша тәрбиеші жұмыстан шығарылды.