Павлодарда дөрекілік танытқан тәрбиеші жұмыстан босатылды
Аталған жайт № 79 балабақшада орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәрбиешінің бейнежазбада бүлдіршіндердің басынан нұқып жібергені түсірілген сәт әлеуметтік желіде тарады.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдеде № 79 балабақшаның орта топ ата-аналары басшының міндетін атқарушыға бейнебақылау камераларын қарау туралы өтінішпен жүгінген.
– Бейнежазбаны қарау барысында 26-27 маусымдағы жазбаларда түстен кейін тәрбиешінің дөрекілік танытқаны тіркелді. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес аталған факті бойынша тәрбиеші жұмыстан шығарылды, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, бөлімде барлық материалдар білім бөлімін уақтылы хабардар етпегені үшін құқық қорғау органдарына берілетінін хабарлады.
Еске сала кетейік, маусым айында облыс орталығындағы №16 бөбекжай бақшаның тәрбиешілері балаларға қатыгездікпен қарап жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Бейнежазбада тәрбиеші балалардың басынан қолмен, ал кейде табамен ұрып жатқаны түсіп қалған. Облыстық полиция департаментімен педагогтың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.