Екібастұзда алғашқы экскаваторды құрастырған шахтер: Бастысы – қауіпсіздікті сақтау
Мұрат Қайыргелдин – «Шығыс» кенішінің тарихына енген адамдардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол – Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылының тумасы. Павлодар ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1980 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін Екібастұз қаласына қоныс аударған. Еңбек жолын 26 жасында сол кездегі «Қазпромтехмонтаж» деп аталатын кәсіпорында слесарь-монтажшы маманы болып бастаған, экскаваторларды монтаждаған. 1985 жылы «Шығыс» разрезінің бірінші кезегін тапсырғаннан кейін роторлы экскаватор машинисінің көмекшісі болған, көмірдің бірінші тоннасын өндіруге және тиеуге қатысқан. Мамандармен бірге роторлы экскаваторларды құрастырған.
1992 жылдан бастап «Шығыс» разрезінің роторлы экскаватор машинисі болып жұмыс істеген, 2003 жылдан бастап машинистер бригадасын басқарған. Роторлы экскаваторда бір айда 700 мың тонна рекордтық көлемде көмір өндірген.
– 1985 жылдың маусым айында экскаваторды монтаж алаңынан «Шығыс» кенішіне түсірдік. Экскаватордың биіктігі – 46 метр, салмағы – 2,5 мың тонна. Сол машинамен күздің күні бірінші көмір бердік. Сағатына сегіз мың тоннаға дейін көмір беретін еді. Бірақ жұмыс оңай болмады. Бастапқы кезде үйрететін, үлгі алатын адамдар болды. Сол әріптестерімізден тәрбие алдық, жұмыстың қыр-сырын үйрендік, – дейді кенші.
Көп жылдар бойы кеніштің жетекші қызметкерлерінің бірі болған ол өмірінің 37 жылын аталған өндіріс орнында өткізген және сол жерден зейнеткерлік демалысқа кеткен.
Мұрат Қайыргелдин күнделікті жұмыс өте қауіпті болғанын айтады, себебі, бәрі қозғалып, айналып тұрған өндіріс орнын қатты шаң басады, кейде түк көрінбейтін кездер де болған. Сол себепті шахтер осы салаға жаңа келіп жатқан жастарға кауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау қағидаларын қатаң ұстануға кеңес береді.
– Біздің салада кауіпсіздік техникасынан кейін ұжымдық жұмысты ұстану, яғни бір-біріне көмектесу, қарап отыру, бақылау маңызды болып табылады, – дейді Мұрат Қайыргелдинов. –Күнделікті төрт ауысым күндіз-түні тоқтамай жұмыс атқарады. Кеңес үкіметі кезінде жеті адам істейтін, одан кейін алты адамға қысқарды. Қазір бес адам істейді. Бүгінде бұл салада жұмыс істеу бұрыңғы кезбен салыстырғанда қиын. Себебі, эксковаторлар ескірді, құрал-жабдықтар тозды, жұмысшылар саны да азайды.
Ардагер шахтердің үлкен ұлы әкесінің ізін басып, он жыл экскаваторда бірге жұмыс істеген. Ал, кейін Астана қаласына қоныс аударған. Бүгінгі күні екінші ұлы әкесінің жолын қуып, «Богатырь-Көмір» кәсіпорнында «тау-кен шебері» маманы болып еңбек етеді.
65 жастағы Мұрат Қайыргелдин «Шахтер даңқының үшінші дәрежесі», «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері», «Құрмет» ордені және «Қазақстан еңбек ері», «Алтын жұлдыз» атағының, Қазақстан Республикасының экономикалық дамуы мен өндірістік қызметтегі үздік жетістіктері үшін «Отан» орденінің иегері.
Айта кетейік, Екібастұз қаласындағы «Богатырь» және «Шығыс» кеніштерінде еліміздегі көмірдің жартысынан басым бөлігі өндіріледі.
«Шығыс» кеніші Ақсу электр станциясын, алюминий зауытын, Ақсу ферроқорытпа зауытын және Ресейдің бірқатар кәсіпорындарын отынмен қамтамасыз етеді.