Жайнаған көктем: павлодарлықтар неге Баянауылға көктемде ағылады?
Қазір - табиғаттың оянуын көруге болатын таптырмас уақыт, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәжірибелі гидтер Баянауылда дәл осы уақытта табиғатпен оңаша қалып, сонымен қатар қаржы үнемдеп демалудың жолдарын айтты.
Ең бастысы – көктемгі тіршілікті Instagram-блогтарынан емес, өз көзіңмен көру.
Туристік турлар ұйымдастырушысы Оксана Иванченконың айтуынша, көктем – ерекше мезгіл. Әрине, жаздағыдай көлде шомылумен немесе қыстағыдай мұз үстінде сырғанақпен салыстыруға болмайды.
– Көктемде табиғат оянып, алғашқы гүлдер шығады: Қызыл кітапқа енген көктемгі ұйықшыл шөп, жанаргүл, еңкейген қызғалдақ. Сонымен қатар, қыстан кейін туристерде ерекше сезім пайда болады. Басқаша айтсақ, адам өзі де ұйқыдан оянғандай күйде болады. Гүлдердің ашылуын көргенде ішіңде бақыт гормоны пайда болады. Табиғатпен бірге адам да сергіп, шабыт алады, жаңа жоспарлар құрады, – дейді Оксана Иванченко.

Сондықтан павлодарлықтар туристік маусым басталмай тұрып, Баянауылдың көктемгі сұлулығын алғашқылардың бірі болып көруге асығады. Тағы бір артықшылық – көктемде демалыс орындары ашыла бастағандықтан, жеңілдікпен демалуға болады. Ал маусым қызған кезде мұндай мүмкіндік болмайды.
– Баянауылда гүлдер біртіндеп шығады. Алдымен көктемгі гүлдер, кейін жыланқияқ, одан соң дәрілік шүйгіншөп, тобылғы мен мойыл гүлдейді. Бұл құбылысты жаздың басына дейін көруге болады. Көктем – өте қолайлы кезең: таза ауа, жайлы климат. Ал тобылғы гүлдегенде өзіңізді бал аралары ұшып жүрген омарталардың ішінде жүргендей боласың, – дейді гид.

Көктемде Баянауылда әркімге лайық туристік бағыттар бар. Біркүндік жорықтар, мамырдағы екікүндік маршруттар және де атмосфералық фотосуреттер үшін жаңа соқпақтар бар. Тіпті, жергілікті тұрғындар сирек апаратын бағыттар да кездеседі. Ең әсерлісі – Баянауыл ұлттық паркіндегі Ақбет шыңына шығу, өйткені, биіктен әсем өлке алақандағыдай көрінеді.
Гидтер туристерге қауіпсіздік ережелерін еске салады. Себебі, жеке бастың амандығымен қатар, табиғатқа да қамқор болу керек.
– Жазда да, көктемде де өсімдіктерді жұлуға болмайды. Әсіресе Қызыл кітапқа енген бірегей өсімдіктерге зиян келтіруге болмайды. Олар бізге айдаһарлар дәуірінен жеткен. Кей өсімдіктер де зиян тигізуі мүмкін. Мысалы, әдемі убалдырған. Аппақ гүлдер сұлулығымен баурап алады. Бірақ, оларды жабық бөлмеде ұстасаңыз, бас ауруы пайда болады. Сондықтан біз өсімдіктерді жұлмауды қатаң ескертеміз. Туристерге өсімдіктер әлемі туралы, қауіпсіздік техникасы жайлы айтамыз. Кене сияқты жәндіктерден қорғану бойынша да кеңес береміз, – дейді Оксана Иванченко.
Ол 1 жылдық тәжірибесінде туристердің қиын жағдайға тап болғанын немесе жәндіктерден зардап шеккен сәттер болмағанын айтады.
Айта кетейік, өткен қыста Торайғыр нағыз туристік трендке айналды. Қысқы демалысты сүйетіндер мұз үстінде сырғанауға, көл бетіндегі ғарыштық өрнектерді көруге және естелік суреттер түсіруге көптеп келді.
Кейбір блогерлер Баянауылды құс ұшатын биіктіктен жабайы жануарлардың тылсым әлемін көрсетті.