Екібастұзда аулалар алдағы жылы толық абаттандырылады

Екібастұзда аулалар алдағы жылы толық абаттандырылады

Биыл кеншілер қаласында облыстық бюджеттің қолдауымен абаттандыру жұмыстары жалғасын табады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейекин аймақ басшысы Асайын Байхановқа шаһарды абаттандыру жұмыстары жайлы баяндады. 

Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 120-ға жуық аулада кешенді абаттандыру қажет. Келесі жылға абаттандырылатын 60 аула қалады. Кейбір аулаларда осыдан 10-15 жыл бұрын асфальт төселген, бірақ бордюр қойылмаған. Олардың барлығы біртіндеп жаңартылады.  

– Биыл 50 аулада балалар ойын алаңдары орнатылады. Сонымен қатар,  воркаут алаңдарын орнату бойынша конкурстық рәсімдер өткізілген. Өткен жылы 20 футбол алаңы сапалы түрде жабдықталды, – деді Аян Бейсекин.  

Сондай-ақ биыл кемінде қосымша 15 футбол алаңы пайда болады. Оның ішінде осыдан 10 жыл бұрын салынған, толығымен тозған футбол алаңдары толығымен жаңартылады. 25 аулаға асфальт төселеді. Мұндай аулалардың бірі – Беркімбаев көшесі, 44а. 

«Нурал» ЖШС директоры, мердігер Самат Азимхановтың айтуынша, абаттандыру жұмыстары бірнеше күн бұрын басталған. Ауа райы қолайлы болған жағдайда алдағы  жеті күнде жұмыс толығымен аяқталады. Аулаға асфальт төселіп, бордюрлер орнатылады, тротуарлар салынады. Автокөліктерді қоятын орын қарастырылады. 

Қала тұрғындарының бірі Әсел Есенова тұрғындардың атынан абаттандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді. 

Беркімбаев көшесі, 184-ші үйдің жертөлесіне толықтай реконструкция жасаған болатынбыз. Зейнеткерлер дән риза. Бұл жерде 40 жылдай жөндеу жүргізілмеген, – деді қала тұрғыны.

Облыс әкімі кейбір аулалар толығымен кешенді түрде абаттандырылса, енді кейбірі мүлдем назардан тыс қалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда сондай шағын аудандардың барлығы ретке келтірілуде. 

Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Сондықтан жеткіліткі ресурс бөлуге тұрарлық. 2026 жылға барлық аулаларды абаттандыруды аяқтауды тапсырамын. Қалғанын екі-үш жылға жоспарлап, ескі аулаларды жаңарту керек, – деді аймақ басшысы.

Еске сала кетейік, Екібастұзға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов қаланың  келесі жылу маусымына дайындық барысымен танысты. Облыс әкімі барлық жұмыстарды сапалы және мерзімінде орындауды тапсырды.