Павлодарда қар шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізу тапсырылды
Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста осындай міндет қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, 5 қаңтардан бастап қаланың жеке секторының көшелерінен қар шығару жұмыстары басталған. Шаһар көшелерінде 100 арнайы техника қар шығару жұмыстарына жұмылдырылған.
– Бүгінгі таңда Екінші Павлодар, МДС, Радиозауыт шағын аудандарында жұмыс орындалды, Горторг шағын ауданында жалғасуда. Жеке секторларда 84 мың тоннадан астам қар шығарылды. Екінші Павлодар, Горторг және Зеленострой шағын аудандарында су тасқыны басталғанға дейін шамамен 27 ақпаннан бастап қайтадан қар шығару жұмыстары басталады. Жеке сектордан қар шығару жұмыстарын 20 наурызға дейін толығымен аяқтау жоспарлануда, – дейді Ержан Иманзайыпов.
Облыс әкімі Асайын Байханов жыл сайын су басып қалатын Екінші Павлодар шағын ауданына ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ Геринг, Запарожская, Таллинская, Алтай, Аймауытов, Хабаровская, Якусткая, Архангельская көшелерінде қар үйіліп жатқанын атап өтті.
– Бұл шағын ауданда қанша жылдан бері су басу қаупі төнеді. Былтыр уақытылы шара қолдану нәтижесінде қауіп-қатерге тосқауыл қойылды. Мердігермен бірге аралаңыздар. Жалпы, Екінші Павлодар ғана емес, МДС, Зеленстрой, Горторг шағын аудандарын бақылауға алыңыздар. Ол үшін екі апта уақыт беріледі. Қар шығару жұмыстарын тәулік бойы ұйымдастырып, көктемгі су тасқынына сақадай сай болу керек, – деді облыс әкімі.
Ержан Иманзайыпов тұрғындар осы аптада өз аулаларындағы қарды шығарғаннан кейін 27 ақпаннан бастап екінші мәрте қар тазалау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.