Екібастұзда келесі жылы 100-ден астам аула жарықтандырылады
Кеншілер қаласында осы жылға дейін болмаған көше және аула ішіндегі жарықтандыру жүйесі қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындармен кездесуінде мәлім етті.
– 279 ауланың 116-сында заманауи жарықтандыру орнатылды. Келесі жылы 100-ден астам аулада жарық болады, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысының айтуынша, соңғы екі онжылдықта алғаш рет аулаішілік және білім беру ұйымдарының аумақтарына асфальт төселе бастады. Осы жылы кеншілер қаласының 50 ауласы мен 24 әлеуметтік нысанына жаңа асфальт төселді. Бұған дейін топырақ жамылғысы болған жеке сектор көшелерін асфальттау басталды.
– Біз қаланың қоғамдық көлік жүйесіне елеулі реформа жүргіздік. Электрондық билеттеуді енгізу және субсидиялау саясатын өзгерту жылжымалы құрамды 100%-ға жаңа үлкен класты автобустармен жаңартуға және қозғалыс жүйелілігін, сондай-ақ тасымалдау сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.
Тұрғындардың өтініші бойынша «Шахтер» саябағы қайта құрылуда, жұмысты 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Биыл 66 заманауи ойын алаңы, 20 шағын футбол алаңы, 10 хоккей корты, алты воркаут және бес стритбол алаңы орнатылды.
Биыл 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақшаны қайта құру жүргізіледі.
Еске сала кетейік, жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік осал топтарға 20 пәтердің кілттері табыс етілді. Сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен сапаржайда ХҚКО орналастыру қарастырылуда. Бүгінгі таңда жұмыстардың 99 пайызы аяқталуға жақын.