Екібастұзда басқарусыз қалған үйлердің мәселесі шешілді
Асайын Байханов екібастұздықтармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл кездесу облыс әкімінің Екібастұз қаласына жұмыс сапары кезінде болды. Мұнда кеншілер шаһарының тұрғындары аймақ басшысына Instagram арқылы өз қажеттіліктерін жазған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 42 мекенжайындағы тұрғындар ПИК қызмет көрсетуден бас тартқандықтан бірнеше жыл бойы тұрғын-үйдің барлық мәселесімен өздері айналысып келе жатқанын айтқан. Басты мәселе бірнеше жылдан бері екібастұздықтар жылуды тиісті көлемде беру мәселесін шеше алмай келеді.
- Өкінішке қарай, Екібастұзда басқару нысаны жоқ 184 үй бар. Биыл оларды қала құраушы кәсіпорындар қамқорлығына алады. Олар жылыту маусымына дайындалуға да көмектеседі. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 42 үйге "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС қамқорлық жасайды. Менің ойымша, жылудың әлсіздік мәселесі жойылады, - деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Ал Мәшһүр Жүсіп көшесі, 72, 72А және 76 үйлердің тұрғындары жаңа ойын алаңын орнатып, автотұрақ құруды сұрады. Өтініштер бойынша жұмыс жүргізіліп, қала әкімдігі осы мәселе бойынша келесі жылға жобалар дайындап, қаржыландыру тетігін іздейтін болады.
- Қала тұрғындарымен кездесуден кейін Екібастұз әкімдігінде көгалдандыру және дезинсекция бойынша кеңес өткіздім. Көгалдандыру мен дезинекцияның қазіргі сапасы мені қанағаттандырмады. Жергілікті билікке бұл мәселелерге жауапкершілікпен қарауды тапсырдым, - деп түйіндеді жазбасын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram