Астана-Павлодар тас жолында көліктен есірткі табылды
Сарапшының қорытындысына сәйкес, заттың салмағы шамамен екі кг болатын Альфа – PVP есірткі болып табылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық медиа порталының мәліметінше, «Қарасора» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында елордалық полиция қызметкерлері Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, Астана-Павлодар тас жолының бекетінде «Chevrolet cobalt» автокөлігін тоқтатты. Көлікті 37 жастағы жүргізуші басқарған және 23 жастағы жолаушы болған.
Автокөліктің салонын тінту барысында жолаушылар отыратын орынның астынан ашық түсті, ерекше иісі бар кесек консистенциялы екі полиэтилен орама, пышақ және екі ұялы телефон табылды.
Олардың есірткі тарататын интернет-дүкендердің курьерлері екендігі анықталды.
Аталған факті бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар Астана қаласы полиция депараментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.