Екібастұзда «ДӨО алқабы» жобасы қарқын алды
Премьер-Министр Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылаған жиын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент жүктеген міндеттер шеңберінде өтті.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаның қаңтар айында Павлодар облысы Екібастұз қаласында іске қосылғаннан бергі атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«ДӨО алқабы» – Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі кампустардың бірі болмақ. Қазіргі таңда жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Үкімет инфрақұрылымдық және құқықтық жағдайларды қамтамасыз етуде. Жалпы аумағы 1,4 мың гектар жер телімі бөлініп, қосалқы станса сатып алу және инвесторларға арналған қосымша мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында халықаралық серіктестерді тартуға арналған Greenfield аймағы құрылады. Қуаты 100 МВт-қа дейінгі инфрақұрылым дайындалған. Нысандар Tier III халықаралық стандартына және энергия тиімділігі коэффициенті PUE 1.25 талаптарына сәйкес болмақ.
Телекоммуникациялық инфрақұрылым hyperscale және BigTech компанияларының талаптарына бейімделеді. Желілік кідірісті 80 миллисекундтан 57 миллисекундқа дейін төмендету жоспарланған, бұл еуропалық трафик алмасу орталықтарының деңгейімен тең.
Алдағы кезеңде әрқайсысының қуаты 50 МВт болатын жасанды интеллектке арналған төрт деректер орталығын кезең-кезеңімен салу көзделіп отыр.
Жалпы жоба Қазақстанды цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаты бойынша өңірлік хабқа айналдырып, 30 миллиард долларға дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында Премьер-Министр салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға жобаны іске асырудың барлық кезеңін уақытылы орындауды және қажетті нормативтік шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды.