Екібастұзда көлік басқаруға құқығы жоқ жүргізуші автобуспен адам тасымалдаған
Бұған қоса міндетті сақтандыру шарты жасалмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде жүргізушілер тарапынан 400-ге жуық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын басқару, рульде телефонмен сөйлесу, маневр жасауды бұзу және т.б. бар.
Анықталған кемшіліктер жолаушылар мен жүргізушілерді жарақаттауы мүмкін. Бұзушылар көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көлік құралын тексеру кезінде адамдарды тасымалдауға арналған автобусты пайдаланудың өрескел бұзушылықтары анықталды. Жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы болмады, міндетті сақтандыру шарты жасалмаған. Сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтін көлік құралын жүргізген, – деді департаментте.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің үш бабы бойынша 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен хаттамалар толтырылды. Полиция департаменті автобус пен маршруттық такси жүргізушілерін рульде сергек болуға және жолдарда өзара құрмет көрсетуге шақырады.