Екібастұзда көпжылдық гүлзарларға көшуді бастайды
Кеншілер қаласында көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша алдағы жұмыстардың жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыстар үш бағытта жүргізілетін болады: бар желектерге күтім жасау, саябақтар мен скверлерді абаттандыру және сәндік көгалдандыру. Осы мақсатқа 2024 жылы жергілікті бюджеттен 291 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді.
– Менің тапсырмам бойынша биыл көпжылдық гүлзарларға көшуді бастаймыз. Ағаштар мен көшеттерді отырғызу маңызды кезең болып табылады. Бұған дейін біз «Казгидрослесхоз» компаниясымен кеңес өткіздік, олар түгендеу және орман-патологиялық зерттеу арқылы барлық жасыл желектерді есепке алумен айналысты. Мұндай егжей-тегжейлі зерттеу ағаш отырғызатын жерлерді анықтауға мүмкіндік берді. Сондықтан да жұмысты қай жерде жүргізу қажеттігін жобалап алдық, – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша автоматты суару учаскелерін біртіндеп ұлғайту көзделіп отыр. Биыл осы бағытта сметалық есептеу жұмыстары басталады.
Аян Бейсекин жауапты мемлекеттік органға мердігер ұйымды конкурстық негізде анықтағанға дейін көгалдандырумен айналысатын компания үшін мақсаттары мен міндеттері бар жоспарды әзірлеуді тапсырды.