Павлодар облысында көктайғақ салдарынан екі ірі жол апатында адамдар зардап шекті
Бір әйел оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«103 қызметіне түсетін жазатайым оқиғалар бойынша шақырулар саны да азайған жоқ.
– Қолайсыз ауа райы біздің қызметіміздің жұмысына әсер етті, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Мысалы, өткен жұма күні кешке бірден екі ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оған 8 медициналық бригада жөнелтіліп, қызмет көрсеткен болатын. Сондықтан автокөлік жүргізушілерінің назарын көктайғақ пен қарлы боран кезінде жол қозғалысы ережелерін және жылдамдық режимін қатаң сақтаудың маңыздылығына аударғымыз келеді. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
7 қараша күні сағат 19:00 шамасында Шідерті кенті маңында ішінде 56 жолаушысы бар автобус аударылып қалды. Оқиға орнына бірден 5 жедел жәрдем бригадасы және апаттар медицина орталығының бригадасы жіберілді. Олар шақыру түскеннен кейін 15 минут ішінде оқиға орнында болды. Көп көлемді жұмысқа қарамастан, медицина қызметкерлері барлығын жылдам қарап шықты. Түрлі жарақат алған 17 адамды Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізді. Өкінішке қарай, бір әйел адам ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Бірнеше сағаттан кейін Жетекші мен Кемеңгер ауылдарының арасындағы трассада екі көлік соқтығысты. Бұл шақыруға үш жедел жәрдем бригадасы жетті. 2021 жылы туған ұл бала мен 2022 жылы туған қыз бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ, 28 жастағы ер адам мен 26 және 42 жастағы әйелдер қалалық №1 ауруханасына жатқызылды.
Айта кетейік, бүгінде жедел жәрдем қабылдайтын шақырулардың жартысына жуығы жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) байланысты. 9 қараша күні ғана түскен 1048 шақырудың 400-ден астамы дәл осы ауруға қатысты болды.
Медициналық қызметкерлердің айтуынша, шақырулардың көптігіне байланысты «103» нөмірінде желі жүктемесі артуы мүмкін. Сондықтан жедел жәрдем қызметіне балама байланыс арналары арқылы хабарласуға болады. Тәулік бойы +7 (7182) 320024 және 323778 нөмірлері бойынша қоңырау шалуға мүмкіндік бар. Жұмыс уақытында медициналық бригаданы +7 (7182) 650500 нөмірі арқылы шақыруға болады, бұл нөмірге пациенттерді қолдау қызметінің маманы жауап береді.