Екібастұзда монополистерге қатысты әкімшілік іс қозғалды
Тұтынушылардан ыстық сумен жабдықтау болмағанда ақша өндіріп алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Павлодарэнергосбыт» ЖШС мен «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Павлодар облысы прокуратурасының ұсынысын қарау шеңберінде екі кәсіпорынның 2023 жылдың маусым-тамыз айлары аралығындағы кезеңде ыстық сумен жабдықтау қызметтерінің құнын қызметтер нақты болмаған жағдайда өндіріп алғаны анықталды.
– Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жіберілген заң бұзушылықтар үшін «Павлодарэнергосбыт» ЖШС және «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 164-бабының 5-бөлігімен әкімшілік іс қозғады, – деп жазылған хабарламада.
Субъектілер тұтынушыларға қайта есептеулер жүргізді және олар 2024 жылдың ақпан айы үшін наурызда келген түбіртектерде көрсетіледі.