Павлодарда шебер отбасылар бақ сынасты
Оған мектепке дейінгі мекемелерден барлығы отыздан астам бейнематериал жолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, мектеп жасына дейінгі балалар мен олардың ата-аналарының қатысуымен «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» қолдан жасалған бұйымдар байқауын ұйымдастырды.
- Байқау балаларды сәндік-қолданбалы шығармашылықтың салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен, тарихымен таныстыру және танымал етуді мақсат етті. Әрі тәрбиеленушілердің белсенділігі мен танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру арқылы қазақ халқының мәдени мұрасына деген мақтаныш пен құрмет сезімін оятуды көздейді, - делінген хабарламада.
Шеберлер додасына мектепке дейінгі мекемелерден барлығы 32 бейнематериал ұсынылды. Қазылар алқасы бейнематериалдардың байқау тақырыбына сәйкестігін, қолөнердің (жұмыстың) орындалу шеберлігі мен мәнерлілігін, қиял және дизайнның өзіндік ерекшелігін, орындау техникасы мен сапасына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша ортаңғы топтан Павлодар қаласының № 7 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Аят Тортаев топ жарса, № 6 мектепке дейінгі гимназияның тәрбиеленушісі Матвей Эбель екінші орынға ие болды. Ал № 82 арнайы балабақшасының тәрбиеленушісі Алинар Қанапья үздік үштікке тұрақтады. Ал ересек және мектепалды топтар арасынан Павлодар қаласының № 42 мектепке дейінгі гимназиясының тәрбиеленушілері Али Албаков, Айзере Жұмакелді, Інжу Абай, Әлихан Шарапат бірінші орынды қанжығаласа, екінші орын № 8 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Санжар Әмреновке бұйырды. № 2 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Наргиз Қуаныш үшінші орынға тұрақтады.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім беру бөлімінің мадақтамаларымен марапатталады.
Конкурстың үздіктері № 42 мектепке дейінгі гимназиясының, № 7 және № 8 сәбилер бақшаларының тәрбиеленушілерінің бейнероликтер байқаудың облыстық кезеңіне жолданды.