Екібастұзда оннан астам көпқабатты үй жылыту маусымына әлі дайын емес

Екібастұзда оннан астам көпқабатты үй жылыту маусымына әлі дайын емес
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кейбір нысандарда жылу тораптарына дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылыту маусымына дайындығы белгіленген мерзімнен кешігіп жатқан бірқатар көпқабатты үйге барып, жертөлелердегі жұмыстардың барысын тексерді. Ол тұрғындармен кездесіп, қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысын талқылады.

Қала басшысы дайындық жұмыстарының 10 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс болғанын атап өтті. Қазір қалған 11 үйде гидравликалық сынақ жүргізіліп, жылу жүйелері жуылған. Кейбір нысандарда жылу тораптарын ретке келтіру және дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде.

– Қалада 711 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 700-і жылу қабылдауға толық дайын. Қалған 11 үйде тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Әрине, уақыт бар, алайда 100 пайыз дайындық 10 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілуі керек еді. Сондықтан жұмыстардың белгіленген мерзімнен кешігуіне жол беруге болмайды, – деді Аян Бейсекин.

Шаһар басшысы кейбір үйлердегі дайындық жұмыстарына қатысты мәселелер тұрғындардың өздеріне де байланысты екенін атап өтті. Кездесу барысында тұрғындар жертөледегі инженерлік жүйелер мен автоматикаға қатысты проблемаларды айтып, қызмет көрсетуші ұйым тарапынан дәнекерлеушілердің көмегі қажет екенін жеткізді.

Аян Бейсекин тұрғындарға басқарушы ұйымның жұмысына көңілі толмаған жағдайда, үй тұрғындарының жалпы жиналысы арқылы қызмет көрсетуші ұйымды ауыстыруға болатынын түсіндірді. Алайда бұл ретте жаңа қызмет көрсетуші ұйымды алдын ала анықтау қажет.

– Біз барлық үйлерді қысқы кезеңге дайындап, жылыту маусымына міндетті түрде кіргіземіз. Бірақ тұрғындардың да өз үйлеріне жауапкершілікпен қарауы маңызды. Жертөледегі жүйені, инженерлік желілерді жақсы білетін тұрғындар жұмыстарды бақылауға көмектесе алады, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беруді 28 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін қалған үйлердегі барлық жұмыс толық аяқталуы тиіс.

Жауапты қызметтерге тиісті тапсырмалар беріліп, дайындық жұмыстарының орындалуы қала әкімінің жеке бақылауына алынды.